АЛМАТЫДА HYUNDAI ЖЕҢІЛ ТЕХНИКАСЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТАСЫ ҚОЙЫЛДЫ

Корея Президенті Мун Джэиннің Алматыға келуіне орай, болашақ Hyundai Trans Kazakhstan зауытының іргетасына алғашқы тасты қою салтанаты өтті.

Алғашқы тасты қоюдың салтанатты рәсімі Hyundai жеңіл техникаларын шығаратын зауытта өтті. "Астана Моторс" компаниясы зауытты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының индустриялық аймағында салатын болады.

Кәсіпорынның қуаты бірінші кезеңде 30 мың автомобильді құрайды, ал екіншіде – жылына 45 мыңға артады. Бұл қазақстандық нарықты Hyundai маркалы сапалы әрі бағасы жағынан қолжетімді жеңіл автомобильдермен толықтырып, сондай-ақ оларды ТМД елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 25 миллиард теңгені құрайды. Жеке қаражатпен бірге коммерциялық негіздегі қарызға алынған қаражат та жұмылдырылады. Зауытты ашу 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жұмыс орнының құны 32,5 млн теңгені құрайды.   

Зауыттың құрамына дәнекерлеу цехы, бояу цехы, құрастыру цехы, пластик панельдерді шығару цехы мен сапаны бақылау бөлімі кіреді. Зауыт Оңтүстік Корея және Жапония елдерінде өндірілген жаңа технологиялық құралдармен жабдықталатын болады. Зауытта Hyundai брендінің барлық сәндік үлгілері құрастырылмақ. Бірінші кезеңде Hyundai желісі жеңіл модельдерінің бірінің толық циклін өндіру қолға алынады, кейінірек Creta модельдерін шығару бойынша желі іске қосылады деп жоспарлануда.

ЕЭО елдерімен серіктестік және өнеркәсіптік кооперация арқасында  құрастыру локализациясы 50%-ға жетеді. Алдағы уақытта автобөлшектерді шығаратын зауыт тұрғызу қолға алынады, ол Қазақстандағы локализация деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Алғашқы автомобиль конвейерден 2020 жылы шығады.

slider_244
slider_245
slider_246