Дәрігерлерге берілетін жедел жәрдем көлігі

2020 жылдың соңына дейін қазақстандық дәрігерлерге жаңа 807 жедел жәрдем машинасы жеткізіледі.

Еліміздің санитарлық көлік паркі 70%-ға ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Әсіресе, COVID-19 өршіген күрделі эпидемиологиялық жағдайда дәрігерлер жаңа заманауи жылжымалы құрамның жіті тапшылығына тап болды.

Қазақстандағы санитарлық көлікті жаңарту бағдарламасының аясында биылғы жылдың соңына дейін еліміздің 15 өңіріндегі медициналық мекемелерге 807 жедел жәрдем машинасы, 11 жылжымалы медициналық кешен және COVID-19 инфекциясын анықтауға арналған тестілерді жүргізу үшін 8 мобильді зертханалық кешен жеткізіледі.

«Материалдық-техникалық ресурстар дәрігерлердің жұмысында маңызды рөл атқарады. Бұл дәрігерлер халыққа білікті медициналық көмек көрсету үшін бар күшін салып, күрделі жағдайда жұмыс істейтін пандемия жағдайында аса маңызды. Жаңа санитарлық көлік заманауи жабдықпен жабдықталған, бұл медициналық көмектің тиімділігін арттыруға тәжірибелік мүмкіндік береді», – деп атап өтті «БРК Лизинг» Басқармасының Төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Қазақстанның Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері «БРК-Лизинг» лизингтік қаржыландыру механизмі есебінен Санитарлық көлікті жаңарту жөніндегі жол картасын бекітті.

Жол картасына сәйкес облыстық әкімдіктердің, республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларына арналған шарттар: лизинг мерзімі – 7 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 7%, аванстық төлем көзделмеген, жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Осы мақсатта 31,8 млрд теңге сомасына қаржыландыру ұйымдастырылды. Машина жеткізушілер – «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС, «СемАз» ЖШС, Hyundai Trans Auto ЖШС атты отандық өндірушілер.

«Біздің міндет – жеткізілімдерді мүмкіндігінше тезірек бастау, осы бағдарламаның әлеуметтік әсері бар, бұл – жұмыс орындарын сақтап, отандық автокөлік өнеркәсібін қолдау шарасы ғана емес, сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар», – деп атап өтті Қазақстандық автобизнес қауымдастығы.