Қостанай облысының суретшілеріне пәтерлер

Қостанай облысының суретшілері ағайынды Аңқауовтар атақты қазақстандық меценат Нұрлан Смағұловтан пәтерлердің кілттерін алды. Олар қолдарынан шыққан туынды – қой жүнінен жасалған суреттердің арқасында халықаралық танымалдылыққа ие болған деп хабарлайды alau.kz

Ағайынды Аңқауовтар 2 пәтердің сертификатын сыйлыққа алды. Пәтерлердің кілтін премьер-министр табыстады, ал жылжымайтын мүліктің өзін сыйға тартқан – меценат Нұрлан Смағұлов. Аңқауовтар үшін мұндай сыйлық – тумысынан біткен ауруларына қарамастан айналысып келе жатқан шығармашылықтарына берілген құрмет.

"Бүгін компаниямыз Аңқауовтар отбасына осындай сыйлық жасай алғанына аса қуанышты. Өте дарынды отбасы. Мен олардың өнеріне, ең бастысы – толыққанды сау шығармашылық өмір сүруге деген құлшыныстарына тәнтімін. Адамдар үшін жасалған. Олардың халықаралық деңгейдегі ноу-хаулары да көп. Бұл керемет", – деді меценат Нұрлан Смағұлов.

Ағайындылардың жұмысы – қойдың жүнінен салынған суреттер. Олар әлемнің көптеген елдерінде танымал. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі көрмеде ағайындылар Қазақстанның атынан өз суреттерін ұсынды. Аңқауовтар отбасын Башқұртстанға да, Лондонға да шақырады. Мәселе жалғыз дарында ғана емес, сондай-ақ панно тудырудағы ғажайып тәсілде жатыр. Ұзақ уақыт бойы ағайындылар ол жайлы білмеген де, дегенмен біреуі оны анықтай алды.

"Мұндай тәсіл бүкіл әлемде жоқ. Соны түсінген кезде Қазпатент зияткерлік меншік комитетіне ұсынуға шешім қабылдадық. Әлем бойынша бұл технологияны ешкім патенттемеген болып шықты. Қытайда және Ресейде осыған ұқсас түрлері бар. Бірақ олар біздікі секілді емес", – дейді суретші Бағлан Аңқауов.

Қостанайдың 140 жылдығына орай суретшілер жерлестері үшін көрме өткізді. Қаланың мерекелік алаңдарының біріне суретшілердің жиырма үздік жұмысы қойылды. Ағайындылар барлығы 200 сурет салған. Олардың әрқайсына өте көп уақыт және еңбек кетеді: 2 аптадан 1 айға дейін.

Ағайындылар қой жүнінен панно тудыру техникасын өскелең ұрпақпен бөлісуге дайын. Суретшілердің жұмыстарымен қаладағы сауда орталықтарының бірінен танысуға болады, дәл сол жерден байланыс деректерін ала аласыздар. Немесе олардың инстаграмдағы @arlandesign10 аккаунттарынан біле аласыздар.