«Астана Моторс» экологиялық автобустардың ұсақ торапты өндірісінің толық цикліне көшеді

Қазақстандық «Астана Моторс» компаниясы коммуналдық кәсіпорындар мен жеке ұйымдар үшін мамандандырылған коммерциялық техниканы шығаратын Hyundai Trans Auto зауытының жаңа даму сатысына келіп жетті.

Реанимобильдер, автобустар, өрт сөндіру машиналары, сутасығыштар, эвакуаторлар, жүк көліктері – Hyundai Trans Auto зауыты адамның күнделікті өмірі мен жұмысына арналған көліктің мыңдаған бірлігін шығарады.

2011 жылы «Астана Моторс» компаниясы мен кореялық автокөлік өндіру алыбы Hyundai Motor Company кәсіпорын тарихының басын бастады.

10 жыл ішінде Hyundai Trans Auto өзінің нарықтағы орнын айтарлықтай нығайтты. Мұнда кәсіпқой буын қалыптасады. Инженерлер, конструкторлар, технологтар, электр мамандары, газбен дәнекерлеушілер – 150 білікті қызметкер. Қазақстандық өндірушінің автокөлік техникасын жерлестеріміз бен көршілеріміз сынап көріп, оған лайықты баға берді.


Hyundai Trans Auto зауыты. Hyundai County автобустарының шанақтарын дәнекерлеу цехы: компанияның баспасөз қызметінің жеке мұрағаты

Hyundai Trans Auto жұмысының алғашқы бес жылы ішінде Hyundai County автобустарының шанақтарын дәнекерлеу, бояу және отандық аспалы жабдықпен жинақтау есебінен өндірістегі жергілікті қамту үлесін 5%-дан 30%-ға дейін ұлғайтты.

2016 жылы Hyundai Trans Auto жүк техникасына арналған кабинаны дәнекерлеу мен бояуды меңгеріп, МАЗ маркасының Қазақстандағы ресми дилері атанды. Келесі қадам бортты жүк көліктерінің, изотермиялық, өнеркәсіп тауарларына арналған фургондар мен басқа да автокөліктердің өндірісі болды.


Hyundai Trans Auto зауыты. МАЗ кабинасын дәнекерлеу цехы: компанияның баспасөз қызметінің жеке мұрағаты

Әлемдік машина жасау тарихында әуелгіде әркімнің толық циклді өндірісі бола бермейді. Көлік өнеркәсібіндегі техникалық прогресс ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты құрастыруға дейін кезең-кезеңмен жүреді. Кәсіпорын эволюциясы барысында кадрлық, экспорттық, инвестициялық әлеует артады.

«Hyundai Trans Auto зауыты «нөлден» бастап салынды. Біз тарихи тұрғыдан ірі торапты құрастырудан бастап, өзіміз үшін жаңа бағыттарды егжей-тегжейлі зерттеп, әр модель бойынша дәнекерлеуді, бояуды меңгере отырып, өндірісімізді дамыттық. Бұл ұзақ әрі көп еңбек жұмсалатын процесс. Уақыт өте келе, біз тәжірибе жинап, біліктілік деңгейін көтердік, клиенттердің сеніміне ие болдық», – дейді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

2019 жылдан бастап, Hyundai Trans Auto – Golden Dragon маркалы жолаушылар көлігін өндіру және өткізу жөніндегі Қазақстандағы ресми дистрибьютор. Еуро-5 стандартына сай автобустар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы бағдарларға қызмет көрсетуде. Тасымалдаушылар осы автобустардың негізгі артықшылықтары ішінде сенімділікті, қауіпсіздікті, жайлылықты, экологиялық тазалықты, пайдалану тиімділігін атайды.

 


Қазақстан. Golden Dragon электр автобусы: компанияның баспасөз қызметінің жеке мұрағаты

«Астана Моторс» компаниясы Golden Dragon моделіне артып келе жатқан сұранысты ескере отырып, өндірістік қуатын арттырып, 6 мың шаршы метр аумағында автобус шанақтарын дәнекерлеу және бояу цехтарын салып жатыр. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама бекітілді, жабдыққа тапсырыс берілді.

«Ұсақ торапты өндірістің толық цикліне көше отырып, Hyundai Trans Auto қосымша 100 жұмыс орнын жасап, жергіліктендірудің 51%-ын қамтамасыз етеді және ТМД елдеріне экспорттың көлемін ұлғайтады. Отандық компаниялар үшін бұл бизнесті дамытуға тиімді инвестиция жасаудың жаңа мүмкіндігі – үздік баға мен сапа арақатынасы және автопарктің қаржы лизингі бағдарламасы бойынша жылдам жаңартылуы», – деп ескертті Бекнұр Несіпбаев.

Зауыттың жаңа аумағында қосалқы бөлшектердің ірі қоймасы да ұйымдастырылады. Қазақстандық өндірушінің Golden Dragon автобустарын пайдаланудың қосымша артықшылығы – кепілдік пен сервистік қолдау көрсету. Бұған қоса, «Астана Моторс» компаниясы автобус парктері механиктерінің автокөліктерге қызмет көрсету бойынша кәсіби оқуын ұйымдастырады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның тозған қоғамдық көлігін жаңарту мақсатында елімізде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «БРК-Лизинг» АҚ бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама автобус парктеріне техниканы 7%-бен, 7 жыл мерзіміне, келісімшарт құнының 15%-ын құрайтын бастапқы жарнамен қаржы лизингіне сатып алуға мүмкіндік береді.

*Материал «Астана Моторс» компаниясының қолдауымен дайындалған

Дереккөз: www.nur.kz