Астана Моторс Тәжікстанға арналған Hyundai County автобустарының алғашқы легін тапсырды

Алматыда "Азия Холдинг Групп" тәжік компаниясына Hyundai County автобустарының алғашқы легін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

"Астана Моторс" ҚМК құрамына кіретін Hyundai Com Trans Kazakhstan компаниясы шағын автобустардың бірінші легін Тәжікстан Республикасына табыстады.

Hyundai County үлгісінің 30 бірлігі Душанбе автобус паркін кеңейтіп, Тәжікстанның қалалық және қала маңындағы бағыттарында биылдан бастап пайдаланылатын болады. Екі жыл ішінде қазақстандық өндіруші көрші елге тағы 270 автобус жібермек, бұл жалпы алғанда 300 бірлікті құрайды. Бұл келісімге "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен қол жеткізілді.

Бұған дейін Тәжікстанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысқан жұмыс кездесуі аясында Hyundai County автобустарын жеткізу туралы келісімге қол қойылды. "Азия Холдинг Групп Тәжікстан" компаниясына арналған 300 автобус Алматы облысында орналасқан "Hyundai Trans Auto" компаниясының өндіріс орындарында құрастырылады.

"Келісімшарт тек 300 бірлікке ғана жасалғанына қарамастан, ынтымақтастығымыз жалғаса береді. Әріптестік барысында берілетін көлік саны артуы мүмкін. Өйткені біз "Астана Моторс" пен "Азия Холдинг Групп" арасындағы ұзақмерзімді және жемісті халықаралық қарым-қатынастардың алғашқы сатысында тұрмыз", - деді Hyundai Com Trans Kazakhstan компаниясының директоры Әділбек Гаев.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана Моторс" ҚМК құрамына кіретін Hyundai Com Trans Kazakhstan компаниясы Hyundai маркалы коммерциялық техниканы (жүк машиналары, автобустар, арнайы техника) сатумен айналысады және Қазақстан аумағындағы Hyundai Motor Company корей компаниясының ресми дистрибьюторы болып табылады.